Құдайдың құдіреті! Тіпті есімді білгелі бастық болайын десем бір сәрі, армандаған жерім жоқ, күні осы уақытқа шейін яғни зейнетақы алғанға дейін ондай ой басыма кіріп шықпаған. Әдетте армандаған, қиялдаған нәрселерің түсіңе енеді деуші еді, бұл жолы бұлай болмай шықты. Қайта-қайта жаңбыр жауып әлсін-әлсін соғып маза кетіргендікі ме, немене, ұйқым бұзылып жүр еді, бүгін түнде түс көріп, түнімен қиналып есім шығып, шаршап-шалдығып әрең ояндым. Түсімде жойпан бастық екенмін деймін. Қайдан екенін білмеймін өзімнен де үлкен бір бастық телефон шалып: "Сендерден беш тыйын пайда жоқ! Шалжиып жата бересіңдер! Айтқандарыңның бәрі өтірік! Халықтың қамын ойлау деген мыйларыңа кіріп шықпайды. Қолым босамай жүр, қолым босаса, сендерді бір шыбықпен айдап, көздеріңе көк шыбын үймелетер едім!.. Жоғарыдан кісілер келе жатыр, білесің бе?!" деп ақырды. Тегі бастықтың орнын босатқым келмейтін секілді. Қатты қиналдым. Әбден жағымпазданып, не істерімді білмей, бұл жөнінде "дөкейдің" өзінен ақыл сұрадым. Сондағы, кешірім еткендей айтқаны мына болды: есі дұрыс сау кісінің, әрине, мыйына сыймайды, түсімде менің тікелей қарамағымда бес қабатты, бірнеше подъезді үй бар екен деймін. Ол әуежайдан қаланың орталығына баратын жолда секілді. Бұл үйде адамдар тұрмайтын сияқты, от жағатын газды алып тұратын сияқты. Күндіз-түні оның есіктері бір жабылмай, жаман иісі қолқаны ататын көрінеді. Денсаулыққа зияны көп екені белгілі, бірақ отын да керек, оны сатпасақ, ақшамыз азаятын тәрізді… Сонымен қойшы, әлгі бастық сол отын "нүктесін" "немедленно жап" дейді. Мен жаппаймын, жапсам, өздеріңіз де қаражаттан қағыласыңдар" деп әбден күйзелдім. Бір кезде бастығымды әбден ыза кернеді: "Сөздің аяғына дейін тыңдауды қашан үйренесің, ей! Оны "сәпсем" жап деп тұрған кім бар?! Уақытша жап! Әлгі жоғарыдан келе жатқан қонақтар кеткен соң қайтадан ашасың!"-деді. Селкілдеген жүрегім орнына ептеп түскендей еді, бәрі бір тыныш таба алмадым. Отын ала алмаған ел шуылдайды ғой, оның иесін кәперіне алмай, үйреніп кеткен жұрттың демалысы да бұзылады. Айқай-шу көбейеді. Сонда мен қайтем?! Бастығымның бұған беретін жауабы дайын екен. Ақылын асықпай беріп жатты: "Техникалық себептерге байланысты ақаулар табылды. Соны жөндеген соң, газ беретін үйді іске қосамыз. Қателік жібергендерді қызметтерінен босатамыз де. Немене, сонша ақылыңды қандала жеп қойған ба? Дүниеге дәл бір күн келгендей аузыңды аша алмай қалдың ба?! Бұрынғыдай аузыңа келгенді шата бер! Ел сенің сөзіңді аяғына шейін тыңдайды деп тұрсың ба?!.. Ей!.. Бәрін телефонмен айта берудің "әуресі" болатынын ішің сезеді ғой, келесі нұсқауларымды үнсіз тыңда да ұққаныңды білдіріп, жөткірін де трубканы қой. Баяғыдай тарқылдап күліп арқаны кеңге сала берме!"-деді де біраз өзі үнсіз қалды. Апыр-ау, мынау не деп кетті? Сонша құпия болса, өзінің кабинетіне шақырып алып айтарын ауызба-ауыз неге айтпайды деп ойланып толғанып үлгермедім. Өйткені бастығымның даусы шықты: "Үй сенікі. Сондықтан келген қонақтардың алдында сен сөз сөйлеуің мүмкін. Соған дайындал: үйді салып бергені үшін қонақтарға, ішіндегі мұртты дөкейге жалпаңдап рахметіңді айт!" дейді. Ашуым қыза бастады. Ол үй жалғыз менікі емес, бір күні жарылыс болса, жалғыз мен кінәлі болатын түрім… Жалғасы бар …
|