Гинесстің Рекордтар кітабын бұл күнде жұрттың бәрі біледі. Алғаш рет бұдан қырық бір жыл бұрын шыққан бұл кітап қазір бүкіл дүние жүзінде 26 тілде шығады. Сол қырық жыл ішінде оның 53 миллион данасы сатылған. Егер осынша кітапты бірінің үстіне бірін қойып текшелесе әрқайсысының биіктігі Эверест шыңына тең (8848м) 118 тау болып үйіледі екен. Бұл 1988 жылға қатысты мәлімет, одан бері де бұл есепке бірнеше «шыңның» қосылғаны анық. Сонда Гинесс деген кім? Ол мұндай кітап шығаруға қалай кіріскен? Бәрі де әлдеқалай басталған. Етжеңді дәулетті адамдарға арналған киім шығаратын компанияның меңгерушісі болған, елуінші жылдардың басында Ирландияда құс атып жүріп, атқан оғы мүлт кеткен Гинесс құстың бір түрін көріп шынымен-ақ Европадағы ең ұшқыр құс осы ма екен деген ойға қалған. Білмек болып талай анықтамалықты ақтарса да ештеңе таппаған. Ақыры өзі осындай рекордтар кітабын шығармаққа бекінген. 1955 жылы осы кітап алғаш шыққанда бұрынғы рекорд делініп келген он екі мыңға жуық көрсеткіштер түзетілген. Енді осы кітапқа енгізілген бір рекордты келтіре кетейік. Ондағы рекордтардың иелері көбіне атағымды асырып, даңқымды шығарсам деген адамдар болатыны белгілі. Мысалы, 1987 жылы пенсильваниялық (АҚШ) Макс Бен өзінің үст-басына 70 000 ара қондырған. Бұл үшін ол бүкіл денесіне ара ұялары орнатылған қораптарды жапсырған екен.
|