Жауап: Құрбандыққа шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдына жалақтатып, қайрау-мәкрүһ. Ал қинамай сою-сүннет. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: "Малды қинамай бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын". Малды құбылаға қарай жатқызып, дұға ретінде мына аят оқылады: "Инна салати уа нусуки уа махиа-иа уа мәмәти лилләһи Раббил аламина лә шәрика ләһ ("Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ"). Одан кейін: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд"-деп, тәкбір айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" деп бауыздайды. Мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру-мәкрүһ. Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі. Бай болсын, мейлі кедей болсын өзі шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп тарату-мұстахаб. Бір бөлігін-туған-туыс, не көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігін-кедей және мұқтаж адамдарға таратылады, үшінші бөлігін отбасына қалдырады. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, бас-сирақ сату-мәкрүһ. Егер сатылған жағдайда ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың ешқандай мүшесін қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. "Иман нұры"айдарының материалдарын дайындаған М. Шапиян
|