Болжаусыз осы екен ғой өлім деген... Болжаусыз осы екен ғой өлім деген, Күн бұрын көзге келіп көрінбеген. Артыма сөз қалдырмай ала кеттім, Айғайға қайран даусым ерінбеген. Абайдай арт жағына сөз қалдырып, Жақсы еді-ау, әттеген–ай, өлу деген. Ертең жазып, бүрсігін бітірем деп, Баянсыз тіршілікке сенуменен, Қатын, бала асырау амалында Кеттім-ай үнемі көңіл бөлуменен. Менен сорлы ақын да өтті ме екен, Бір сөзі баспа орнына берілмеген?! Осымен өмір бітті, дәм таусылды, Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген. Тіршілікте әрекет етпеген соң, Сүйектен не шығады кебінбеген?
Жолықтым дәм таусылар уақытысына, Өлімнің мейірімсіз қаттысына. Ажалды ақша беріп сатып алып, Кездестім надан елдің бақсысына. Ажал ма, арманда ма, қалайша өлем, Білетін дәрігердің жоқ жақсысы да.
Алмасты мұсатыр деп татып алдым, Дерт шалды өне-бойды, жатып алдым. Құдайдан тура келсе арманым не, Ажалды ақша беріп сатып алдым.
Алашқа атым шыққан Әсет ақын, Өлеңім-жан жолдасым маған жақын. Аңыраған аспан-көкке асқақ үнім, Саған да уақыт жетті қарлығатын.
|