Отбасында қаржылық жағдайды жақсартудағы ең маңызды қадам-шығындардың көлемін анықтау. Алдымен барлық шығындарын анықтап, оларды таптастыру керек. Оларды қажетті шығындар мен уақытша шығындар деп екіге бөлуге болады. Қажетті шығындарға: азық-ауқат, коммуналдық қызметтер, жол ақысы, балаларды оқыту жатады. Ал уақытша шығындарға жоспарлы (аяқ-киім жөндеу, туыстарға сыйлық алу, күтпеген жағдайлар) және уақытша «көңіл-күйді көтеретін» жоспарланбаған шығындар жатады. Шығындардың соңғы аталған түрлерін біртіндеп қысқарту қажет, себебі олар отбасылық бюджетке орны толмайтын нұқсан келтіреді. Өз шығындарыңызды осылай нақты бөлетін болсаңыз, Сіз оларды жоспарлап үйренесіз, соның нәтижесінде әрқашанда бір соманың қалуын қамтамасыз ететін боласыз. Мамандардың пікірінше, шығындар мен кірістерді жүйелі түрде есепке алу шығындардың 20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді, жылына бұл сома отбасының екі айлық жалақысын құруы мүмкін. Сөйтіп бұл ақшаны сіз тиімді түрде инвестициялап, келешекте қандай да бір табысқа қол жеткізуіңізге болады. Табысыңыздың 10-20 пайызын сақтап қойыңыз. Ол Сізге ақша қорын жинақтауға көмек береді. Кейін оны өз қаржылық мақсаттарыңызға жұмсайсыз. Мақсат қою жеке қаржылық жоспар құрудың алғашқы сатысы болып есептеледі. Мақсат жалпы болмауы тиіс, оны ұқыптылықпен нақтылау қажет. Мысалы көлік алғыңыз делік. Оның моделін, түсін, жылын, құнын нақтылаған жөн. Содан соң мақсатыңызды өз табыстарыңыз және мүмкіндіктеріңізбен салысьыру қажет. Мақсатыңызды анықтағаннан кейін ғана Сіз ай сайын қанша қаржы қалдыратыңызды және қанша уақыт қажет болатынын білесіз. Сіздің келешектегі әл-ауқатыңыз кірістер мен шығыстарды басқара алуыңызға тәуелді болатынын есте ұстаңыз.
|