Бір жігіт Мөңке биді көруге құмар болып, іздеп келеді. Есіктен кірген жігітке Мөңке: -Түлкім, жоғары шық,-дейді. Шай келеді. Бір-екі аяқ шай ішкен кезде Мөңке: -Сыншым, сөйле,-дейді. Жігіт түсінбей отыра береді. Жігіт кетер кезде: -Жыршым, енді ұлықсат, үй-ішіңе аман жет, ел-жұртыңа сәлем айт!-дейді. Жігіт сауал қояды: Сіз маған үш сөз айттыңыз. Осы тұспалдарыңызды мен түсінбедім. Нені меңзегеніңізді айта кетсеңіз. Мөңке сонда былай деп жауап қайтарыпты: -Түлкі құсап құбылып келдің. Әр мейман кірер кезде сен сияқты толқып келетіндіктен-соны айттым. Қонақ біраз отырған соң үйдің оң жақ, сол жағына қарап сынай бастайды. Сыншым дегенім-сол. Қонақ үйден аттанғанда көрген-білгендерін жыр қылып айта жүреді. Жыршым дегенім-сол.
|