Адамда тер бездерінің екі түрі болады. Бір түрі адамның сыртқы денесіне біркелкі жайылған, олар адамның денесін майландырып, жылылықты тәртіпке келтіріп тұрады. Екінші түрі, көбіне қолтық астында болады. Қолтық астындағы тер бездерінің терді көп шығаруы теріні қызартып, жұқа терінің сыртын жаралай бастайды. Қолтық астының терлегіштігін азайту үшін құрғатқыш заттар-танин (ағаш қабығының ұлпасы) және шалфей (дәрі шөп) жапырақтарының тұнбасы қолданылады. Қолтық астын 70 проценттік спиртпен сүртіп, соңынан бор қышқылы опасымен сүртсе де жақсы болады, сол сияқты салицил немесе формалин спиртімен, лизол ерітіндісімен (стақан суға бір ас қасық) сүртсе де пайдалы. Уротропинді опа сияқты үгіп сепкен де жақсы нәтиже береді. Екі хром қышқылды калийдің 0,5 проценттік ерітіндісін жақса да терді азайтып, иісті кетіреді. Бұл айтылған дәрілерді көрсетілген мөлшерден артық қолдануға болмайды, ол теріні күйдіріп, қызартып жіберуі мүмкін. Аталған дәрілерді қолтық астына үш күн жағып, сонан соң бір апта үзіліс жасау керек. Жалпы гигиеналық шаралардан күн сайын мыналарды жасап тұрған дұрыс болады: аса ыстық күндері күніне 1-2 рет суға түсіп немесе сулы орамалмен денені сүртіп тұруы керек, қолтық астына түк өсіп, көбейіп кетпеуін қадағалап, ішкі киімдерді жиі ауыстырып отырған мақұл, қолтық астын гигиеналық одеколонмен сүртіп күту қажет. М. Қожабеков
|