(«Жұлдыздар отбасы» журналында (№, 22, 2012 ж) жарияланған бас редактор Жарылқап Қалыбайдың сұхбатынан үзінді. Ол Исламбек Салжан, «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті: Менде елдік мүддеден артық мүдде жоқ!» деп аталыпты.) -Қайырымдылық қорыңыздың жұмысына қысқаша шолу жасап беріңізші, кімдерге көмектесесіз? -Жетім-жесір, мүгедектер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға көмектесеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанда 30 мыңнан астам жетім-жесір бар екен. Бұл сұмдық қой! Тарихқа көз жіберсеңіз, біз жетім-жесірі болмаған халықпыз. Соғысқа қатысқан немесе тылда еңбек еткен ардагерлеріміз де күн санап азайып бара жатыр. Қанша жерден мемлекет қолдауында дегенімізбен, олардың жағдайлары көңіл қуантарлықтай емес. Бүгінде зиялы қауым өкілдері де қолдауға мұқтаж. Айтысты да ары қарай қолдай беремін. Ол-өзге елде жоқ, қазақтың төл өнері. Жас дарындар мен спортшыларға да көмек қажет. Білім және денсаулық саласына да қолымыздан келгенше қолдау көрсетіп келе жатырмыз. Ендігі алдыма қойған үлкен мақсатым-қазақ тілін дамытуға атсалысу. Сол себепті де алғашқы қадамымызды мультфильмдерді қазақшалаудан бастадық. Маған адамдар Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек сұрап келеді. Кейбір көмекке мұқтаж жандарды өзім тауып аламын.
|