Еділ, Жайық екі өзен, Талсыз болар деймісің, Көкшетаудың көп көлі Елсіз болар деймісің. Ботакөзді бойжеткен Жарсыз болар деймісің, Абылай қонған кең қоныс Елсіз болар деймісің. Еркін жайлап қонған соң, Малсыз болар деймісің, Тұлпар туған құлыншақ Ерсіз болар деймісің, Тебінген тепкі тиген соң Терсіз болар деймісің. Алқынған арын баспайтын Өрсіз болар деймісің, Орын тапқан ер жігіт Жерсіз болар деймісің, Орда тігіп орнаса Төрсіз болар деймісің!
Балаларыма өсиет: Қылмаңыздар кепиет, Бірлігіңнен айрылма, Бірлікте бар қасиет. Татулық болар береке, Қылмасын жұрт келеке, Араз болсаң алты ауыз Еліңе кірген әреке. Талпынып салдым егінді, Ішсін деп әркім тегінді, Ақылың барың ұғарсың, Ойың болса сезімді. Тоқсанға жас келген соң, Өлім жақын көрінді. Бар арманым, айтайын, Батырларша жорықта Өлмедім оқтан, қайтейін!.. Ел аман болсын ылайым, Тілегім берді бәрін де, Разымын, құдайым!