Қартайып та барамыз, өмір өтіп, Ай, күн, жылдар ауысып, желіп өтіп. Бәрін берген табиғат бірақтағы, Жаратпаған өзекті темір етіп.
Желкілдеген кешегі шөбі жетіп, Жайлауымның қуарды көгі кетіп. Сақалымды қайнатқан құртқа малды, Самайымды сар таңдақ тебін етіп.
Қартайып барамыз-ау, өмір өтіп, Жаратса да өмірге жемір етіп. Қорғасындай құйғандай ауырлады, Аяқтағы кешегі жеңіл етік.
Ажарым, базарымның ебі кетіп, Ұялшақ, қорғаншақтың кебі жетіп. Бір күнде келіндерге қайнаға едім, Енді міне барады келін етіп!
Қартайып барамыз-ау, өмір өтіп, Дәрігердің болса да емі жетік. Қол, аяқ, белдемені мүжіп жатыр, Атасының қалғандай кегі кетіп.
Тұрмасын білгеннен соң тегі бекіп, Бұл жазира жалғанның шегіне өтіп. Өмірге өз еншісін өтеп болып, Қалыпты құрдастардың көбі кетіп.
Ел іргесі гүлдесін толып жетіп, Жастарымды жайнатсын көңілдетіп. Мен өткен өміріме налымаймын, Ұрпағымды жасартсын өмірлі етіп!
Көңілден күміс жаусын, көмір кетіп, Арқадан арман түссін жеңілдетіп. Абыржыма ағайын, күн де жақын, Өмірді де қоятын темір етіп!..
|