Қарадос би бір жолы Қарақалпақтың 90 жасқа келіп отырған Маман би деген қарт биіне сәлем бере келсе, үйінде бір жас әйел жұмыс істеп жүреді. Ол әйел Маманның кімі екенін Қарадос біле алмайды, әйел сыртқа шығып кеткенде, Қарадос Маман биге: -Мәке, жасыңыз нешеге келді?-деп сұрақ қояды. Оған Маман түсіне қалып: -Ой, шырағым Қарадос. Менің жасымның несін сұрайсың? Мен алпысымда алпері, жетпісімде желпері, сексенімде ару ері болдым. Тоқсанымда топтан торай шалдырмадым, жүзге келсем де алғанымның көңілін қалдырмаймын,-депті. Оған Қарадос: «Мен сіздің ерекше қабілетіңізге таласым жоқ. Бірақ та жалпы алғанда кісі алпысында әрлі-берлі, жетпісінде жер таянып тұрады, сексенінде сегіз көзінен айырылады, тоқсанында тоқалы келмейді қасына, жүзге келгенде қарға-құзғын да қонбайды-ау басына»,-депті.
|