Махаббат Өмір жолы-ай түлкідей бұлаңдаған!.. Сүйгенім бар, сырым бар сұралмаған. Махаббатсыз дүниенің қызығы жоқ. Сүймей-күймей, ынтықпай тұрар ма адам!
Қатыгездік көп жанды жаралапты, Түсінбей сезімдегі ғаламатты. Өз басым жоғары ұстап келемін мен Өміріме сән берген Махабатты.
Қос бұлақтай қосылдық ағып келіп, Кеудемізге жалынды шаттық толып. Біздің нұрлы Махаббат гүлдей берсін, Ел аузында жүрейік аңыз болып.
Нарыным Ер жеткізді, Нарыным, сенің нәрің, Суыңменен сіңірдім бойға дарын. Көзіме ыстық дидарың әрқашанда, Нарыным, құштар саған менің жаным.
Саған талай сырларым ақтарылды, Тәтті күндер жүректе сақталынды. Еске аламын мен қазір сағынышпен Жағаңда ойнап жүрген шақтарымды.
Сағыныштың лаулаған жалынын-ай! Көрсетші сол күндерді тағы құдай! Мендегі толғанысты сезбейсің бе? Неге тыныш жатырсың, Нарыным-ай!
Жастық-ай Жел сияқты соғып өткен жастық-ай, Су сияқты ағып өткен жастық-ай! Кеше ғана бала едік жүгірген, Өте шықты, өте шықты, ах, Құдай!
Толықсыттың жаңа туған айымдай, Шапқылаттың арғымақтың тайындай. Енді, міне, сүмірейттің еңкейтіп, Тұрсаң нетті бақытымнан айырмай.
Осы өмір, оу, ағайын, мәнді ме? Би билейік, ұмытпайық әнді де.. Дүниеден дүрілдетіп өтейік, Жүрмейміз ғой тіршілікте мәңгіге.
|