Ел арасында болғанда үлкендердің кішілерге "күні ертең өздеріңе де керек болады, сонда қалай екенін білмей тұрсаң ұят емес пе, жинас мына үйді" деген сөздерін естігендер табылар. Ендеше мамандардың осы жөніндегі пікірлеріне ден қойыңыздар. Үй жинаудың екі түрі бар: күнделікті жинау және үй ішін түгелдей тазартып, жинау. Үйді күнделікті жинағанда былай ету қажет: таңертең желдеткішті, ауа райы жақсы болса, терезені ашып қою керек. Терезе алдына немесе желдеткіші ашылған терезенің тұсындағы орындыққа төсек-орынды қояды. Сулы шүберекпен жылтырланбаған, сырланбаған мебельдерді, есікті, терезе әйнегін жақтауларын, батареяларды сүртеді. Жылтырланған немесе сырланған мебельдерді түкті жұмсақ шүберекпен сүртуге болады. Одан соң қол орамалды, дастарханды қағып, төсек-орынды жинайды. Содан кейін щетканың басына оралған сулы шүберекпен еденді сүртеді. Еденді сулы шүберекпен ғана сүрту керек, құрғақ сыпырғышпен сыпыруға болмайды, себебі шаң көтеріледі де, үйдегі түрлі бұйымдарға барып қонады. Айына бір рет үйді түгел тазалап жинау керек, онда терезелер мен есікті жуып, қабырғалар мен төбені т.б сүртеді. Жалғасы бар…
|