Көрмейтінің жоқ екен тірі болсаң, Қайтер едім, білмеймін, ірі болсам, Күндіз-түні ауылым кетпейді естен,- Қиын екен білдірмей іштей солсаң.
Қалың гүл етектегі қурағандай, Атырап, түгел маңай, суалғандай, Бір кездегі мектебім құлазып тұр,- Жүрегімді аязбен суарғандай.
Күн шығар қабырғасы үңірейіп, Мен тұрмын қарап оған меңірейіп, -Отынға қысты күні ұрлап жаққан,- Сондықтан қалды, міне, сүмірейіп.
Жұрт сөзі жүрегімді сыздатты әбден, Айырылып қалыпты барлық сәннен, Бір кезде шаршағанда әкем марқұм,- Отырушы еді осы тұста алып сәл дем.
Өйткені өзі бастап тұстастары, Ешқандай рұқсатсыз іс бастады, Болашақ сәби қамын ойлап олар,- Арттарына осындайлық із тастады.
Ауылдағы алғашқы мектеп еді, Анамдар, кілең әйел, әктеп еді, Бұл жайлы шала-пұла білген біздер,- Он жыл оқып, көңіліміз көктеп еді.
Есік алды гүл еді, маңайы–тал, Қалмапты біреуі де, бар ма амал?! Аулағырақ тұратын шоқ теректер,- Арасынан соғатын қоңыр самал.
Апыр-ау, енді қазір, самал да жоқ, Кемістікті түзетер амал да жоқ, Деп тұрғанда күйзеліп іштей өзім,- Түсіндім, алдайтұғын заман да жоқ...
Енді бүгін жаңа мектеп салынбақшы Сонымен бұл «бөгет те» алынбақшы.
М.Күркебайұлы
|