Қазақ арасында бұрын кездесетін тамыр (анда) болып достасу әдеті қазан төңкерісінен кейін көмескіленіп, ұмытыла бастады. Екі адамның тамыр болып достасуына әр түрлі жағдайлар себепкер болған. Кейде бір-бірімен өте қимас дос-жар адамдар ұрпақтары да ауызбірлікті өзара жақын, жанашыр болуы үшін балаларын достастырады немесе қысталаң шақтарда жанын аямай өлімге бас тігісіп, бірін-бірі тура келген ажалдан, қиындықтан құтқарған, бірінің ауыртпалығын екіншісі көтерген, мүдде-мақсаттары бір арнада тоғысып, бір-біріне қадірі өткен, әбден сыналған адамдар тамыр болып, ғұмырлыққа серттесіп достасады. Тіпті кейбіреулер бірінен-бірі мал, дүние, қыран бүркіт, жүйрік ат, алғыр тазы сияқтыларды қалап алу үшін де достасып тамыр болған. Тамыр болғысы келгендер бұрын қылыш не қанжар сүйіп, жұрт алдында бұдан былай бізді тек ажал айырсын деп ант беріседі екен. Кейінірек бір-бірімен төс түйістіріп үш мәрте құшақтасатын болған. «Төс түйістірген доспыз» дескен. Тамыр болып достасқандар бірінің-бірі көңілін қалдырып, жүз шайысып, ренжіспеген, қуаныштарына ортақтасып, қайғыларын бөліскен. Біріне-бірі сенімді болған. М. Ниязбеков
|