Бала кезден оралып бір ізгі леп, Көкіректі көмескі мұң тілгілеп. Бәз қалпыңда қайнарыңдай ырыстың, Елестейсің санамды үрлеп, үңгілеп.
Көз алдымда көгалдарың желекті, Сол көгалда бетімді алғаш жел өпті. Сол көгалда қиыла алғаш қараған, Кербез құрбым иыққа ілген шелекті.
Көгендерің қыл шылбырдан есілген, Қозыларың құлақта ен кесілген. Ақ саулықтар еміренген қотанда, Әлі күнге шықпай-ақ жүр есімнен.
Ақ шағылың ақ боз аттың жалындай, Қоғаларың сайдың сәмбі талындай. Ақша бұлтың шымылдықша жасырған, Ақ бас шыңың талпынатын бағымдай.
Енесіне ұмтылысып еліре, Құлындарың жұлқынысқан желіде. Көк майсада шашыраған ақ сәуле, Ақ тарыдай жеңгем түйген келіге.
Әупілдегің мазалаған зарлы үнмен, Қос өркеші қайшыласқан боз інген... Енді оралмас өкініштей жоқ бүгін, Келсем іздеп таба алмаймын өзіңнен.
Қысыла аққан бұлағыңның сылдыры, Тасқа соққан ерке тамшы сыңғыры. Бала кезден жүрегіме жыр құйған, Дала кезден тентек желдің сыбдыры.
Қансонардан әкем келіп аң аулап, Екі беті нарттай жанып алаулап Сауырында көк бестінің сағымдай, Көз тартатын қызыл түлкі жалаулап...
Соның бәрі елес пе еді, түс пе еді, Мұнысы не ойға кенет түскені? Атқа дұрыс отыра алмай жүргенде, Болу қайда біз шірікке құсбегі.
Сенен сездім табиғаттың ғажабын, Ақ нөсермен аршып алып ажарын. Алуан гүлдер күлім қағып бөктерде, Құбылтатын бала көңіл базарын.
Сол бір сәби ақ уыздай пәк шағым, Өтіп кетті, қысқа мезгіл қас-қағым. Қайта оралмас келбетіне естелік, Барлық жазар жырымменен дастаным.
Ұланыңмын өз асуын іздеген, Шеткерірек жүрмін бүгін түзде мен. Өзің берген ақ батаңнан күш алып, Мақсатыма құлаш сермеп ізденем.
Жүрмін бастан жетелеумен жол арман, Өмір, тірлік құтылмаспын олардан. Жүйке жұтап, көңіл сола бастаса, Құшағыңа қуат іздеп оралам.
Төл қасиет бойымдағы шалқыған, Демеуде әлі кездерімде талпынған. Ішқұста боп, қоңторғай күй кешкенде, Сүйеу болар тиянағым, нар тұлғам.
Саған келдім міне, тағы, толқыдым, Жасыра алмай көңіл-теңіз толқынын. Сенің барша сырлы сазды әуенің, Естіледі сыңғырындай шолпының.
Түйіліскен түйіні өзің әлемнің, Кәусар ауаң шипа-суы бар емнің. Балалың бір еркелікпен ақ желең, Арналады ақжарма пәк сәлемім.
Ер жетсем де әлі албырт балаңмын, Жат іс маған жалтақойлық, жалаң мұң. Құшағыңда еркелеймін тартынбай, Сырт жүрсем де тағдырыңа алаңмын.
Үрдісімде ұлы ұғымсың әлі де, Сен дегенде қарамаймын әліме. Қалам күші жеткенінше паш етем, Мінәжәтті сазды әнімдей бәріне.
|