 Адамның жеке басының күтім-бабына қажет зат-бұйымдардың барлығы дерлік Батыстан талай ғасыр ілгері дамыған Шығыста шыққаны белгілі. Күннен көлеңке, жауын-шашыннан пана болатын қолшатыр ұстау Шығыс елдерінде мыңдаған жылдар бұрын әдетке айналған. Қолшатыр ұстау тектіліктің белгісі деп саналған. Египет перғауындары әдетте қолшатыр астында отырған күйінде бейнеленеді. Қытайда төрт "қабатты" қолшатырларды патша әулеті ғана пайдаланатын болған. Қолшатырлар алтынмен әдіптеліп, күміспен көмкеріліп, оған асыл тастар таққан, гүл, тіпті қауырсын, үкі тағып та әдеміленген. Европаға анағұрлым бертінде бірнеше ғасыр ғана бұрын әкелінген қолшатырлар негізінен жауын-шашында пайданылған. Мұнда алғашқы қолшатырлар былғарыдан тігіліп өте ауыр болғандықтан қызметшілер-күтушілер ұстап жүретін болған. Он сегізінші ғасырдан бастап көлеңке үшін ғана ұсталатын шілтерлі әлем-жәлем қолшатырлар заманы басталды. Олар үлпілдеген бәтестен тігіліп, шілтерлеп, кесте төгіп әдеміленген. Қолшатырдың қазіргі құрылысын он тоғызыншы ғасырдың ортасында ағылшын Г. Факс патенттеген.
|