Аяма қолда барды адамыңа, Ол сенің жол ашады қадамыңа, Адамның адамшылдық айырмасы, Бір іспен ат қалдыру заманына.
Күн шығар, қырау кебер, гүл ашылар, Бәсеңдеп бірте-бірте жел басылар. Серпіліп қара бұлт та, қайғы тарап, Жарқырап шат өмірге нұр шашырар.
Белес-белес белдерден жел еседі, Егіз туған қозы, лақ тел өседі. Танымайтын кісідей жуаспасақ Сыртымыздан көрген жан не деседі.
Тай мен құлын биеге жарасады, Жалғыз қалған жапанда адасады. Шарапаты жақсының көпке ортақ, Көру үшін әркімдер таласады.
Бір кезек, екі кезек, үшке шейін, Қолыма қайшы алып іс кесейін. Барында оралыңның ойна да күл Ұйықтап жата бермей түске шейін. О. Асқар
|