Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай, Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай. Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ, Көреді бәрін де өз баласындай. Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады, Қыранның қырдан байқар баласындай. Жаман парқы жақсымен бірдей емес, Жақсы жігіт елінің ағасындай. Жақсының сөзін әркім пайдаланар, Миуалы алма, өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі-көр, көзі-соқыр, Жүрер жолдан тал түске адасып-ай. Жақсы адам қай жерден ажырайды, Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай. Жамандар-өтірікші, өсегі-көп, Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай. Жалған сөзбен бықсытар ел арасын, Жанбай қалған ағаштың шаласындай. Соқтығып әркімге бір ұрынады, Сиырдың тентек болған танасындай. Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ, Жылқының қотыр болған аласындай…
|