Кеуде толып самал желге Алтайды, Қалай ғана қапелімде қартайдым?! Айбалта мен Бөденелі-жүрген жол,- Есіме алып, жүрек жылып марқайдым.
Балдырған із-Жұлдыз және Балғыным, Ұмытылмайды-ау «Қызыл суың», шалғының. Нарын бойын аралаған кездер-ай,- Көктеректің аңсадым-ау салқынын.
Есік алды мөлдір бұлақ-алтыным, Еске түсіп толғана мен шалқыдым, Сары балапан жағасында жүруші ед,- Ойыма алып, тағы міне, балқыдым.
Ата-анада болмаушы еді бір тыным, Бабын тауып қой мен сыйыр, жылқының, Үйде, түзде шаруа қуып шаршаған,- Салты ғой бұл біздің жердің халқының.
Көксеңгірде бүркіт болып қалқыдым, Бәрін көрдің, міне жүрек, ал тыным!- -Деп тұрса да төңірек түгел тарылып,- Көрсем деймін қызықты өмір жалпының.
Әне, жатыр қасқа жолы Алтайдың, Қалай ғана айта аламын: «қартайдым»! Айбалта мен Бөденелі-сұп-сұлу,-
Есіме алып, жүрек жылып марқайдым.
Балтабек Оразалыұлы
|