Сұрақ: -Салауат деген не? Биыл оныншы сыныпты бітіремін. Әртүрлі жауаптардан түсінгеніме тұшынбадым. Тоқтар, Өскемен қаласы
Жауап: -Тоқтар, сіздің сауалыңызға біз былай дер едік: "Салауат-Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһтан рақымдылық тілеу деген сөз. "Ахзаб" сүресінің 56-шы аятында Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһтың рақым жаудырғаны, періштелердің дұға еткендігі айтылып, мүміндердің де салауат пен сәлем айтулары бұйырылады. Осы аят түскеннен кейін сахабалар Пайғамбарымыздан "Сізге сәлем беруді білеміз, қалай салауат айтамыз?",-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз "салли", "барик" дұғаларын оқуларын ұсынады. Намаздың соңғы отырысында осы дұға оқу-сүннет. Пайғамбарымыздың атын естіген кезде: "Аллаһумма салли ала сәйидинә Мұхаммед" деп айту, оның атын жазған кезде "Аләйһиссалату уәссәлам" немесе "Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм" деу де мұсылмандық әдеп. Салауат-Пайғамбарымыздың Аллаһ тарапынан тағайындалғанын айту, оған деген бағыныштылығымызды айту, оның шексіз рақымдылыққа мұқтаж екенін айту. Исламның ұлылары тарапынан құрастырылған әр түрлі салауаттар бар. "Салат" болса жұма күндері азаншының жұманың уақытын білдіру үшін айтатын салауаты болып табылады. Салауат оқудың белгілі бір уақыты жоқ. Барлық кезде оқыла береді, әсіресе жұма күндері оқу туралы Пайғамбарымыздың ұсынысы бар. Бүгінгі дұға Аллаһым! Мені қателіктерімнен ақ киімді кірден тазалағаның секілді тазалай гөр! (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының былтырғы жылғы күнтізбесінен, 746-бет)
|