Сұрақ: -Шошқа етін жеуге болмайтынын бәріміз білеміз. Неліктен харам екенін білгім келеді? Бейсенбек, студент, Семей қаласының тумасымын
Жауап: -Исламда шошқа еті-харам, яғни жеуге тыйым салынған. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: "Шынайы түрле сендерге өлексені, (арам өлген малды) қанды, доңыз етін және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалғанды арам етті" деген. (Бақара, 2/173) Доңыздың еті-нәжіс, жиіркенішті. Оның харам болуының себептері: 1.Медициналық себебі: шошқа етінде адамға зиянды вирус бар. 2.Шошқа тышқан және тышқан сияқты нәжіс нәрселерді жейді. Нәжіс нәрсе жеген кез-келген хайуанның еті, ол түйе немесе сиыр немесе қой болсын харам болады. 3.Оның табиғаты жаман қасиетсіз хай-уан. Онда мейірім-рақым болмайды. Еркек торайы өз анасына шабады. Ұрғашысы өз туған торайларын жейді. Оның еті адамның мінез-құлқына теріс әсер тигізеді. 4.Доңыз етінің құрамындағы хистамин және имидазол делінетін заттар адамның терісінде қышу тудырады, есекжем, бөртпе, дерматит сияқты тері ауруларына да себеп болады. Сондықтан дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдардың доңыз етін жемеулері керектігін ескертуде. 5.Доңыз етін жеу салдарынан адамда пайда болатын тағы бір қатерлі ауру-трихина ауруы. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды. Ақиқатын Аллаһ Тағала біледі. /ҚМДБ-ның 2000 жылдан бастап шыққан Пәтуалар жиынтығының бір бөлігі, А., 2008, 253/
|