Бір сөз айтсаң жақсыға, Аталы сөзге тоқтайды, Бір сөз айтсаң жаманға, Өмірінде ұқпайды. Надандықтың белгісі, Өзін-өзі мақтайды. Көкірегі соқырға Өмірде таң атпайды. Шешеннің сөзі шын асыл, Қап түбінде жатпайды.
Тон бітпеске тон бітсе, Қағуменен тоздырар. Жаман болса алғаны, Бір жігітті аздырар. Жақсыменен сөйлескен, Құмарыңды қандырар. Жаманменен сөйлессең, Көңіліңді қалдырар. Кез болсаңыз суайтқа, Өтірік айтып нандырар. Өсекшімен сөйлессең, Ұрмай-соқпай талдырар. Жолдас болсаң сараңмен, Жол үстінде қалдырар. Жаман болса достарың, Өзіңді жауға алдырар.
Жаман болса жақын жау, Шайпау болса қатын жау. Шабан болса атың жау. Тартыншақ болса түйең жау, Тебеген болса биең жау. Күнде келсе күйеу жау, Жымысқы болса жиен жау. Тіл алмаса ұлың жау, Арсыз болса қызың жау. Портрет: Казахстанский агрегатор новостей
|