Жалғасы... Үйірі жусап жатқанда біреуі қарауылдап тұрады. Қатер төнсе ол белгі беріп, бәрі адам аяғы бармас құз-қия жақпарға жасырынып, көзден әп-сәтте ғайып болады. Тауға ол шапшаң көтеріледі, бірақ қанатын көп қақпай, баяу қалықтап қана ұшады. Ұшқаннан да жүгіргенді, өз аяғымен оттағанды ұнатады. Ұясын ұлар жазда салып, балапанын ұрғашысы басып шығарады. Орташа он алтыдан жұмыртқа басады. Жұмыртқасы қоңыр дағы бар жасыл-сары болады. Ал, балапандары жұмыртқадан шыға сала жүгіріп кетеді. Ұя салар алдында, әсіресе, сәуір, мамыр айларында қораздарының таласы күшті болады. Олардың таласып қырғысқан тұстағы қиқу-шуы құлақ тұндырады. Тегі біздің «ұлардай шулап» деген теңеуіміз осыдан алынса керек. Күнге шағылғанда алтындай жалтырап, қошқылсары, ақшыл-сұр, көкшіл-қара түспен сан құбылып тұратын ұлар қауырсыны аса әдемі. Содан болар, оны киелі санап, сойғанда жүнін жұлмай терісін іреп алып, көп жерде төрге іліп қоятын да әдет бар. Бұл өзі әжептәуір құс, ұзын тұрқы 60 сантиметрдей. Ал орташа салмағы екі жарым-үш килограмм шамасында. Еті дәмді де нәрлі, көректігі күшті. Ерте шығыста оны көбіне емге қолданған. Ел ішінде ұлар етін жеген адам ұзақ жасайды деген сөз бар. Дәмді еті өзіне дұшпан болып, бертін ол қисапсыз көп ауланып, көп жерде құрып кетті. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан мақалда аты қатар аталған Ұлытаудың өзінен енді ұларды емге іздеп табу қиын. Сондықтан да ол сирек кездесетін табиғат сыйы есебінде халықаралық «Қызыл кітапқа» кіріп отыр. Ендеше тауларымыздың сәні сияқты бұл құсқа көз қырын салып, көбеюіне қамқор болуымыз керек. С. Есжанов.
|