«Elrayi.kz» сайтында педагогика ғылымдарының докторы, ақын, жазушы Әдібай Табылдиев үлкенге де, кішіге де өнеге болар өсиет сөзі жарияланды. Бұл ұлағатты ойлар біздің оқырманға да ой салары анық. 1. Қазақта «тірі адам тіршілігін жасайды» деген мақал бар. Сол тіршіліктің қисыны, тірліктің тәртібі, әдебі бар. Әрбір адамның негізгі тірліктері: ұйықтау, ояну, киіну, жуыну, сергу, еңбек ету, тынығу. Бірақ бұл «тірліктің» өз тегі, қалпы тәртібі болады, соны біле жүру маңызды. 2. «Әбілет басқанды ұйқы басады» деп халқымыз бекер айтпаған. Ұйқы қалпынан асса- ол-ауру. Әрбір әдепті адам уақтысында жатып, дер кезінде тұрып тіршілік жасамаса, адамдық қасиетінен айырылады. Ал ерте тұру үшін ерте жату ләзім. «Еліктеткіш» теледидар көріп немесе бос сандалып көше кезу әдептілік емес. Тіршілік негізі уақтылы оянудан басталады. Ол үшін бір мезгілде жатып ұйықтап, бір мезгілде оянып, тұруға дағдылану қажет. 3. Жеке адамның тынығуы оның жанға жақсылық істеп, ертеңгі еңбекке дайындалуы болып табылады. Тынығу, негізінен таза ауада өткені жөн. 4. Ерте тұрып, ерінбей жүгіріп, жаттығу жасап, жанын сейілкен адам өзін-өзі үлкен жақсылық істейді. 5. Әрбір адамның сымбатын, әдемілігін киім айқындап тұрады. Киімнің жарасымды, үйлесімді болуы адамның киіне білуіне байланысты. Киімдерді өз ретімен кимесе, жарасым болмайды. Талғамсыз, жарасымсыз сән күллі жұрттың алдында күлкіге ұшыратады. Ал жақсы киіну үшін сол киімді күте білуді үйренуіміз керек. Әр киімнің ілетін, қоятын орны болса, ол аяқ асты жатып қор болмайды. Киімін таппай күйініп, тапса үстіне қалай-солай іле салатын адам салауатты азамат бола алмайды. 6. Адам болған соң алдына мақсат қоймаса, оның адамдығы қайсы? Бүгінгі ісіңді белгілеп, оны орында да, ертеңгі ісіңе қамдан. Ол үшін уақыт деген құдіреттің әрбір минутын есепте: қанша уақыт ұйықтайсың, жаттығасың, еңбек етесің, тынығасың-бәрін есепте, соған уақыт бөл. Әрбір тірліктің өз уақыты бар, оған қиянат жасасаң өмір ырғағы, тіршілік тынысы бұзылады.
|