Қазақтың ғұлама ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мынадай кеңестер айтыпты:
Адам баласы бақытты, бақуатты ғұмыр кешуі үшін ең алдымен шүкіршілік етуі тиіс. Адам алдымен Алла-тағалаға шүкіршілік қылуы қажет. Оның екі түрі бар. Біріншісі, «әлһамдулиллаһ» деп тілмен айту. Ол Алла-тағаланың барлық беріп жатқан нығметтеріне тілмен айтылатын шүкіршілік. Екіншісі, қолмен жасалатын шүкіршілік. Қолмен жасалған шүкіршіліктің сауабы тілмен айтылғаннан әлдеқайда көп. Бұл қиналған адамдарға көмек көрсету, садақа беру сынды әрекеттер. Яғни, Алла-тағаланың берген байлығы, нығметтері адам бойынан, қолынан көрініп тұруы тиіс. Кем-кетік пен жоқ-жітікті тойындырып, киіндіріп, садақа берген адамдардың байлығы да арта түспек.