Кез келген ауа райында тереземді ашып ұйықтайтын болдым. Бөлмеме таза ауа райы кіріп тұрса, ұйқым қанып, бойым сергіп қалады. Таңертең ашқарынға 1 шай қасық кептірілген жусанды 50 г қайнап тұрған суға салып, ішіп аламын. Жусан ащы болғанымен, пайдалы өсімдік дейді ата-бабамыз. Осы жусанды үзбей ішіп жүрудің арқасында тәбетім жақсарып, ішек және асқазан жұмысы қалпына келді. Шай ішкен кезде құмшекердің орнына шайға бал қосып ішемін. Күніне міндетті түрде кемінде бір алма немесе бір сәбіз жеуді үйреншікті мәзіріме айналдырдым. Кәрілікпен байланысты әлсіздікке қарсы күресте менің ең басты құралым- ол таңертеңгілік денешынықтыру жаттығуы. Жаттығуымды жасап алғаннан кейін, келесі күнге дейін денем ширақ болып жүреді. Күн сайын түске дейін, түс кезінде және түстен кейін жарты сағат мұздан ерітілген су ішемін. Оны дайындау үшін кешке қарай бір литрлік эмалды ыдысқа фильтрде сүзілген су құйып, мұздатқышқа салып қоямын. Таңертең қатқан мұзды мұздатқыштан алып қоямын. Ол еріп, бөлме температурасына жеткен кзде іше беруге болады. Мұздан еріген судың сиқырлы қуат беретін күші және өзіндік керемет дәмі болады. Бұл аталған әдістердің көмегімен кәріліктің қасіретінен құтылып, денемнің күш-қуатын қайта сезіндім, басқаша айтқанда, қатарға қайта қосылдым деуге болады.
Сәбит Мырзалиев, Алматы қаласы
|